Ақтөбеде 7 интернет алаяқтық фактісі анықталды
«Anti-Fraud» жедел алдын алу іс-шарасының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының аумағында ақпараттандыру және байланыс саласында 12 құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ҚК 190-бабы бойынша – жеті факт (интернет алаяқтық), ҚР ҚК 311-бабы бойынша бір факт (порно материалдарды тарату), 399-бабы бойынша екі факт (ақпаратты жасырын алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, өндіру, өткізу немесе пайдалану), ҚР ҚК 208-бабы бойынша екі факт (ақпаратты заңсыз иелену). Есепке 11 адам қойылды.
18 тамызда ақтөбелік «Samsung С8» маркалы ұялы телефон ұрлығы фактісі бойынша №4 қалалық полиция бөліміне жүгінді. Криминалдық полиция қызметкерлері «Anti Fraud» жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Ақтөбе қаласының тұрғынын ұстады, ол жәбірленушінің үйінде қонақта болып, жасырын түрде ұялы телефонын ұрлаған. Кейін телефондағы «Кaspi KZ» қосымшасы арқылы құпия сөзді теріп, 325 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты өз картасына аударып алған.
– Күдікті ұсталды, тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сондай-ақ, криминалдық полиция қызметкерлері ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) және 188-бабы (Ұрлық) бойынша бұрын жасалған 17 қылмысты анықтады, – деді ПД бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов.