Ақтөбеде 83 адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапқа тартылды
Ақтөбе қаласы мен облыс аумағында құқық қорғау органдарының қызметкерлері тиісті қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстағы жағдай полицияның толық бақылауында.
Өткен түні коменданттық сағатты бұзғаны үшін полиция бөлімдеріне 115 адам жеткізілді, оның 83 әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтсақ, 30 адам қамауға алынды, тоғыз айыппұл салынды, 20 адамға ескерту берілді.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта үш адам қамауға алынды, төрт адамға қатысты бұлтартпау шарасы қарастырылып, сотқа дейін тергеу жалғасуда.
Сонымен бірге, Ақтөбе қаласының және аудан орталықтарының шыға берісінде 10 блок-бекет орнатылды. Үш блок-бекет Ақтөбе қаласында орналасқан, қалғандары аудандарда, олар тәулік бойы қызмет атқарады. Блок-бекеттерде полиция қызметкерлері мен Қорғаныс министрлігінің әскерилері қызмет атқаруда, олар облыс және аудан орталықтарынан кіріп немесе шығып жатқан автокөліктерді тексереді.
Мысалы, 10 қаңтар күні блокпостта 40 жастағы жүргізушінің басқаруындағы Ваз-2140 автокөлігі тоқтатылды. Автокөлікте жүргізушінің танысының қолында 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтықтың екі бірлігі болған. Аталған адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.