Ақтөбеде Армения Республикасынан әкелінген автокөліктерді тіркеу жұмыстары жалғасуда
Ақтөбеде Армения Республикасында есептен шығарылмаған көліктерді Қазақстан Республикасында тіркеу тәртібін түсіндіру мақсатында Cаll-орталық жұмыс істейді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Армения Республикасынан Ақтөбе облысының аумағына 2020 жылғы 1 ақпанға дейін 3 152 бірлік көлік құралы әкелінген, оның ішінде 2 212 автомашинаның рөлі сол жағында орналасқан. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2 235 көлік құралы Қазақстан Республикасында тіркелген.
Рөлі оң жағынан сол жаққа қайта жабдықталған 940 көліктің ішінде Ақтөбе облысының ПД Әкімшілік полиция басқармасы көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігін тексеру туралы хаттама толтырған 195 автокөлік бар.
Полиция департаменті автокөлік иелеріне Армения Республикасынан әкелінген көліктерді, соның ішінде рөлі қайта жабдықталған көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу бойынша жұмыс жалғасып жатқанын еске салады.