Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде бас дәрігерлер тергеу изоляторында болды

Облыс әкімінің бастамасымен «Өз бостандығыңды бағала!» тақырыбындағы экскурсия Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жанындағы «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бірлесуімен ұйымдастырылды. Экскурсияға өңірдегі медицина мекемелерінің 30-дан астам бас дәрігерлері қатысып, ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/1 мекемесіндегі (тергеу изоляторы) жазасын өтеушілердің өмірімен танысты.Экскурсияға қатысушы дәрігерлер «түсі суық мекемеге енгенге дейін де бойларын үрей билегенін» жасырмады. Оларды кіреберісте мекемеге қызметкерлері күтіп алып, мекеме заңдылығына сай тыйым салынған заттардың бар-жоғына көз жеткізу үшін, арнайы құрылғылармен тексерді. Ал, тергеу изоляторына кірген кездегі көрініс: биік қоршау, үрген ит,бекеттерде орналасқан дабыл беру жүйелері мен темір торларды бас дәрігерлердің қорқынышы үдете түсті.

«Бұл жерде сот шешімімен айыпталушылардың жасаған қылмыстары дәлелденсе, соған сай жазасын одан әрі түзеу мекемелерінде өтейді. Біздің мақсатымыз- мемлекеттік мекеме басшыларын темір тордың ар жағындағы өмірмен таныстыру арқылы- оларға қоғамға келтірген әр зардабы, қылмысы үшін жауапқа тартылатынын ұғындыру. Бұндай экскурсиялар мемлекеттік қызметкерлерге психологиялық әсерін тигізбей қоймайды. Демек, олар әлдебір құқық бұзушылыққа барған жағдайда өздерін қандай жаза күтетінін сезінетін болады»- дейді КА-168/1 мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі Нұрбол Утаргалиев.

Шара барысында КА-168/1 мекемесінің қызметкерлері медицина қызметкерлеріне тергеу изоляторындағы айыпталушыларға арналған жатын орын және ас ішетін, серуендеуге арналған орындарды, тергеу кабинеттері мен ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерге арналған камераларды көрсетті. Сонымен қатар, бас бостандығынан айырылғандармен тәрбиелік жұмыстар атқарылатын кабинеттер таныстырылды.

Өз кезегінде «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаев:«Мұндай экскурсия кезінде медицина, білім саласындағы, мемлекеттік қызметшілер,квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасатынын және олар жемқорлық іс-әрекетіне барған жағдайда, бас бостандығынан айырылудың қаншалықты қиын екенін сезінетінін» айтты.

Айта кету керек, 2019 жылы Ақтөбе облысының ҚАЖ департаментіне қарасты мекемелерде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен мемлекеттік қызметшілер арасында жемқорлықты болдырмау, алдын алуға қатысты осындай 8 экскурсия жүргізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру