Ақтөбеде көлік жүргізушісі велосипедшіні қағып кетті
Ақтөбеде жеңіл көлік жүргізушісі 20 жастағы велосипедшіні қағып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 қыркүйек күні сағат 15:00-де «Ниссан Теана» автокөлігінің жүргізушісі, «Капитан бриг» балалар ойын-сауық кешені жағынан Әбілқайыр хан даңғылы бағытында қозғалып келе жатып, кедергі немесе қауіп туындаған кезде кедергіні қауіпсіз айналып өту шараларын қолданбай, Әбілқайыр хан даңғылы бойымен Ғ.Жұбанова көшесі жағына қарай келе жатқан 20 жастағы велосипед жүргізушісін қағып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде велосипед жүргізушісі Жедел жәрдем ауруханасына жүгініп, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді.
Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушыларын жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлік жүргізушілері жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге мұқият қарау керек, өйткені олардың қатысуымен болған жазатайым оқиғалардың арты қайғылы болуы мүмкін. Ал автокөлік құралының жүргізушілері жол қозғалысы ережелері мен жеке қауіпсіздік шараларын оқып, қатаң сақтауы керек.