Ақтөбеде полицейлер кішкентай Ильяның арманын жүзеге асырды
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласының кішкентай тұрғыны Ильяның арманын жүзеге асырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желі арқылы полицияға ерекше баланың анасы хабарласып, ұлы Ильяның полицейлермен танысып, қызметтік полиция автокөлігімен серуендеуді көптен бері армандайтынын жеткізген.
Тәртіп сақшылары бұл өтінішке бейжай қарамай, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ильяның үйіне арнайы барды. Олар балаға қызметтік автокөлікті көрсетіп, полиция қызметінің ерекшеліктері туралы әңгімелеп, арнайы дыбыстық және жарық белгілерінің жұмысын таныстырды.
Илья үшін ең әсерлі сәт көптен күткен патрульдік автокөлікпен серуендеу болды. Сонымен қатар полицейлер оны келе жатқан мерекемен құттықтап, арнайы сыйлықтар табыстады.
Илья мен оның ата-анасы полиция қызметкерлеріне көрсеткен қамқорлығы, ықыласы және сыйлаған жарқын эмоциялары үшін алғыстарын білдірді.
