Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде пробация есебінде тұрған азаматтарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

Ақтөбеде пробация қызметі мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарды және жазасын толық өтеген адамдарды жұмысқа орналастыру мақсатында тоқсан сайын жәрмеңке өткізіліп тұрады. Аталған жәрмеңкеге Ақтөбе қаласы Алматы аудандық пробация есебінде тұрған сотталғандар қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған іс-шараға Халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан 11 жұмыс беруші мекеменің 80-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге есепте тұрғандар қатысып, кеңес алып, сондай-ақ 10 азаматқа жұмысқа орналасуға жолдама берілді.

– Өткен іс өтті, өмір жалғасу керек. Ендігі кезекте адал еңбек етіп, ақша тауып, болашаққа ұмтылу қажет. Бүгінгі таңда ЖШС «Позитив Холдинг» компаниясына жұмысшы болып орналастым. Пробация қызметкерлеріне бізге жол көрсетіп, бейімделуге ат салысқандары үшін шексіз алғыс білдіремін, – деп атап өтті есептегі азаматтардың бірі.

Аталған жәрмеңкенің басты мақсаты – сот үкімімен бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленген жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамту, оларды қоғамға бейімдеу.

Жалпы, Алматы аудандық пробация қызметінде 354 адам есепте тұр. Сонымен қатар 2023 жылдың қорытындысы сәйкес әлеуметтік-құқықтық бағдарлама бойынша 25 адамға біржолғы ақшалай көмек көрсетіліп, 258 адамға психологиялық көмек берілді. Ал Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 26 азамат жұмысқа орналасты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру