Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауылдар бар

Ақтөбе облысында Сарат, Басқұдық, Сарбұлақ ауылында өткен жылы бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Оның басты себебі – учаскелік полицей Абзал Мусиннің қырағы қызметінің арқасы – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әйтеке би ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Абзал Мусин – Сарат, Басқұдық және Сарбұлақ ауылына қызмет көрсетеді. Үш ауылдың жалпы халық саны 1328 адамды құрайды. Бір жыл бұрын осы ауылдарға учаскелік инспектор болып бекітілгеннен кейін ол өткен жылы үш ауылда да бірде-бір қылмыстың болуына жол бермеген. Ауылдардың арасы бірнеше шақырымды құрағанымен, оларды апталап аралайтын Абзал ауылдағы әрбір үйді, әрбір тұрғынды, әр отбасының әлеуметтік жағдайын, мал басын да жетік біледі.

Қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға бірден-бір себеп болатын алкогольдік ішімдіктер екенін басты назарда ұстаған ол, тұрғындар саны 500 адамнан асатын Сарат ауылындағы екі дүкеннің алкоголь өнімдерін сатуын мүлде тоқтатқан. Үйінен арақ сатып кәсіп қылмақ болған ауыл азаматын да дер кезінде анықтап жауапқа тартып, заңсыз кәсіптің жолын жылдам тыйған. Бұл ретте ол тұрғындардың түсіністігі мен саналы көзқарасы да үлкен рөл атқаратынын алға тартады. Халықпен жиі өткізілетін жиындар кезінде ауыл ақсақалдары аға лейтенанттың келуімен байланысты болған оң өзгерістерді жиі айтып, алғыстарын жеткізіп жүр.

Ауыл тұрғындарының күнкөріс көзіне айналып отырған мал басының амандығы да учаскелік инспектордың басты назарында. Аумағындағы 18 шаруа қожалығын бірде қызметтік көлікпен, бірде атпен үнемі аралап, қыстақ иелерімен де, малшылармен де профилактикалық жұмыстарды жиі жүргізетін Абзал Есенұлы өткен жылы бірде-бір мал ұрлығына жол бермеген.

Алкогольге тыйым салып, қылмыссыз ауыл құрған учаскелік инспектордың қайырымды істері де ауыл арасында кеңінен тараған. Аумағындағы әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын зерттеп жүретін ол мұқтаж, көпбалалы отбасыларға тегін азық-түлік мен төрт түлігіне жем-шөбін жеткізіп беруді де ұйымдастырып жүр. Жуырда ғана аға лейтенант Абзал Мусин жергілікті шаруа қожалығы иесі мен жұмысшыларын, әкімдікті тарта отырып, мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмек ұйымдастырған. Аналардың ақ батасын алған мейірімді полицейге Сарат ауылы әкімдігінің алғыс хаты да тапсырылған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру