Ақтөбеде пробация есебіндегі азамат тексеруден тегін өтті
Ақтөбеде пробация қызметінің есебінде тұрған бактериолог дәрігер өзі секілді пробация есебінде тұрған сотталған азаматты тегін зертханалық тексеруден өткізіп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінде есепте тұрған бактериолог дәрігер өзі секілді пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматты зертханалық тексеруден өткізіп, оның жұмысқа орналасуына ықпал еткен.
– Сотталған азаматтың орналасатын жұмыс орнының талаптарына сай, санитарлық-эпидемиологиялық рұқсаттама алу қажеттілігі туындаған. Тегін медициналық көмек шеңберіне кірмейтін аталған ақылы қызметті сотталғанның қалтасы көтермегендіктен, Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған бактериолог дәрігер жомарттық танытып, сотталған азамат ақылы өтуі тиіс тексерістерді тегін өткізіп берді. Сотталған бактериолог дәрігердің мақтауға тұрарлық осы әрекеті басқа да сотталғандарға үлгі болса екен дейміз, – деп атап өтті Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің аға инспекторы Гүлжанат Искалиева.