Ақтөбеде қырағы курьерлер зейнеткерді алаяқтардан құтқарды
Ақтөбеде қырағы курьерлер зейнеткерді алаяқтардан құтқарды. Облыстық ДП бастығы азаматтарға алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 тамызда 75 жастағы ақтөбелік әйелге телефон алаяқтары хабарласып, қызының жол-көлік оқиғасына тап болғанына сендірген. Өздерін полицей ретінде таныстырған қаскүнемдер қызын “құтқару” үшін зейнеткерден ірі көлемде ақша талап еткен. Ақшаны әкелу үшін алаяқтар қаладағы танымал курьерлік және такси қызметтерінің қызметіне жүгінген.
Мекенжайға келген 17 жастағы велосипедші-курьер өзіне зейнеткер әжей берген сөмкені алып, тапсырыс берушінің талаптары бойынша оны такси жүргізушісіне апарып берген. Сөмкені алу кезінде 28 жастағы такси жүргізушісі оның ішіне ірі көлемдегі ақша барын байқаған. Курьерден мән-жайды сұрап білгеннен кейін, бұл полицейлер жиі дабыл қағып жүрген телефон алаяқтарының іс-әрекеті болуы мүмкін екендігін түсінген.
Осыдан кейін екеуі 2 миллион теңге ақша салынған сөмкені полиция бекетіне әкеліп тапсырған.
Осылайша, жеткізу қызметін ұсынушы азаматтардың қырағылығы мен адалдығының арқасында алаяқтардың кезекті қылмыстық пиғылына тосқауыл қойылып, зейнеткердің жинақ ақшасы өзіне қайтарылады.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғап, алаяқтарды анықтау мен ұстауға бағытталған іс-шараларды жүргізіп жатыр.
Азаматтық белсенділік, адамгершілік пен қырағылық танытып, зейнеткерді алаяқтардан құтқарған қосқан қос азаматты Ақтөбе облысы ПД бастығы Абай Жусупов марапаттап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы үшін алғысын жеткізді.