Ақтөбеде сотталғандар «Қазақ саңыраулар қоғамы» өнерпаздарының концертін тамашалады
Ақтөбеде тергеу изоляторындағы жазасын өтеушілер «Қазақ саңыраулар» қоғамы өнерпаздарының концертін тамашалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №70 мекемесіндегі жазасын өтеуші сотталғандар Ақтөбе қаласының «Қазақ саңыраулар қоғамы» мәдениет үйі өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.
Іс-шарада өнерпаздар ұлттық билер және Отанға, ұлтқа деген сүйіспеншілікті арттыратын, патриоттық сезімді оятатын әндерді шырқады. Сонымен қатар мәдениет үйінің өнерпаздары Наурыз мерекесінің қарсаңында сотталғандарға ақ тілектерін жолдады.
– Мекемедегі жазасын өтеуші сотталғандар арасында өткізілген іс-шараның мақсаты – дәстүрлі төл мерекеміз «Әз-Наурыз» мейрамы қарсаңында сотталғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлай отырып, дәстүрлі құндылықтарымызды дәріптеу. Бекітілген жоспар төңірегінде алдағы уақытта қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен іс-шаралар әлі де жалғасын табады, – дейді №70 мекемесінің арнайы контингент арасындағы тәрбие және әлеуметтік психологиялық жұмысы бөлімінің жасақ бастығы Нұрболат Ықлас.