Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолалық полицейлер велосипед ұрлағандарды анықтады

Ақмолалық полицейлер велосипед ұрлағандарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жылу басталған кезде қалалар мен ауылдардың тұрғындары екі доңғалақты көлікке ауысады. Сол велосипедтерді қоғамдық орындардан ұрлап жатқандар бар. Әдетте, велосипед ұрлығы тәуліктің қараңғы уақытында және көбінесе тұрғындар сақтайтын тұрғын үйлердің подьездерінен жасалады. Көкшетау қаласында полицейлер бірнеше велосипед ұрлығын ашты.

9 наурыз күні Көкшетау қаласының полиция басқармасына облыс орталығының 40 жастағы тұрғыны жүгінді. Әйел 8-9 наурыз аралығында белгісіз адам үйдің подьезінен құны 55 мың теңге тұратын Соломон велосипедті ұрлап кеткенін айтты. Ақмолалықтың айтуынша, ұлының екі доңғалақты көлігі баспалдақ алаңында болған. Алайда, 9 наурызда мектепке бармақ болған бала велосипедті қойған орнынан таппай, анасына хабарлаған. Анасы өз кезегінде полициядан көмек сұрады.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталды. Бұрын істі болған, бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған облыс орталығының 44 жастағы тұрғыны үйдің ашық подьезінен велосипедті ұрлағанын мойындады. Кейін оны Көкшетау қаласындағы базарлардың бірінде бейтаныс адамға 7 мың теңгеге сатқан.
15 наурызға қараған түні облыс орталығында тағы бір ұрлық жасалды.Белгісіз адам велосипед құлпын бұзу арқылы үйдің подьезінен құны 135 мың теңге тұратын Axis велосипедті ұрлаған. Полиция қызметкері Нұржан Аманжоловтың басшылығымен Буран атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен күдікті табылды.

Буран полицейлерді шамамен 2 км қашықтықта орналасқан үйге алып келген. Тұрғын үй кешендерінің бірінің подьезінен ұрланған велосипед табылды. Мас күйде болған облыс орталығының тұрғыны оны мініп келуге бел буған.

Аталған фактілер ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізіліп жатыр. 

Ақмола полицейлері азаматтарға өз мүлкін сақтау бойынша шараларды қабылдауға және велосипедтерді қараусыз қалдырмауға кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру