Ақтөбеде тоқтатылған көлік ұрланған болып шықты
Ақтөбеде тоқтатылған көлік ұрланған болып шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz
16 қыркүйекте түнгі сағат 01:15 шамасында патрульдік полиция жасағының қызметкерлері Д. Қонаев көшесінің бойында сол жақтан екінші жаққа теңселіп келе жатқан Honda CRV көлігін байқайған. Жүргізуші полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы талабына жауап бермей, көлікті айдай берген. 40 минуттан кейін қала шетінде көлік тоқтатылған, жүргізуші 28 жастағы ер адам екені анықталды.
Сараптама жүргізушінің қанында алкогольдің барын көрсетті. Медициналық тексеруден өту кезінде 102 телефонына көрсетілген көліктің бір сағат бұрын ұрланғаны туралы хабарлама түскен. Қоңырау шалушы бейтаныс азамат оның алкогольдік ішімдік ішіп отырған сәтін пайдаланып, сұрамай көліктің кілтін алып, ұрлап кеткенін айтқан.
Көлік құралын заңсыз иелену фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті Ақтөбе қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдікті бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.