Ақтөбеде жас жүргізуші ерлі-зайыптыларды қағып кетті
Ақтөбеде 19 жастағы жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінде отбасылық жұпты қағып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 сәуір күні сағат 21:10-да Арынов көшесінде жол-көлік оқиғасы орын алды.
«Hyundai Solaris» маркалы автокөлігінің 19 жастағы жүргізушісі Арынов көшесі бойымен ҚР ЖҚЕ бұзып өтіп, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде жаяу жүргіншілерге жол бермей, отбасылық жұпты қағып кетті.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 27 жастағы жұбайы алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды, ал 29 жастағы жолдасы Ақтөбе қаласының Жедел жәрдем ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді, келесі күні алған жарақаттарынан көз жұмды.
Көлік жүргізушісі көлік басқару куәлігін 2020 жылдың соңында алғаны анықталды.
Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстановтың айтуынша, мұндай жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін жүргізуші мен жаяу жүргінші жол қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауы қажет. Жүргізуші әрдайым жаяу жүргінші жолдың жүріс бөлігіне кенеттен шыққан жағдайда әрекет ете алатындай жылдамдықпен қозғалуы керек, өйткені жол бойында балалар да болуы ықтимал.
Егер жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінің алдында баяулаған көлікті байқаса, басқа қатардағы көліктер де жылдамдықты баяулатқаны дұрыс.
Жыл басынан бері Ақтөбе облысында жаяу жүргіншілер өткелінде 12 ЖКО орын алды, онда екі жаяу жүргінші қаза тауып, 13 адам дене жарақатын алды.