Ақтөбеде жүргізуші куәлігі жоқ әйел жаяу жүргіншіні қағып кетті
Ақтөбеде жүргізуші куәлігі жоқ әйел жаяу жүргіншіні қағып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 тамыз күні Nissan Мurano автокөлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласының 31 жастағы тұрғыны Қазақстанның 30 жылдығы көшесімен келе жатып, жолдың жүру бөлігімен солдан оңға қарай өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кетті. ЖКО нәтижесінде жаяу жүргінші Ақтөбе қаласының Жедел медициналық көмек ауруханасына жатқызылды.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері көлік жүргізушінің куәлігі жоқ екенін анықтады.
Жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру жүргізілуде. Нәтижелері бойынша материал шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жіберілетін болады.
– Соңғы уақытта жүргізуші әйелдердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы әдетке айналды. Полиция қызметкерлері әйелдердің көлікті алкогольді масаң күйде айдау деректерін де анықтаған. Кейбір жүргізушілер көлік құралдарын жүргізуші куәлігінсіз басқарады. Бұл жағдайда әйел жүргізуші куәлігінсіз рульге отырып, жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол қозғалысы ережелерін елемеу осындай жазатайым оқиғаларға алып келуі мүмкін, – дейді Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов.
Жыл басынан бері облыс жолдарында жаяу жүргіншілердің қатысуымен 78 ЖКО орын алды, онда тоғыз адам қаза тауып, 71 адам түрлі жарақат алды.