Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде тұрғындарды жүргізуші куәлігін алып беремін деп алдаған ер адам ұсталды

Ақтөбеде жүргізуші куәлігін алып беремін деп жалған уәде берген ер адам 6 адамды алдаған, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция бөліміне бірнеше азамат алаяқтық фактісі бойынша жүгінді. Жәбірленушілердің айтуынша, бейтаныс ер адам жүргізуші куәлігін алып беруге көмектесемін деген сылтаумен олардың ақшалай қаражатын иемденген.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктіні – 28 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Белгілі болғандай, ол жыл басынан бері жүргізуші куәлігін заңды түрде рәсімдеуге мүмкіндігі болмағанына қарамастан, осындай жолмен 6 адамды алдап, олардың ақшасын алған.

Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын шамамен 2 миллион теңгені құрады.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция департаменті ресми құжаттарды заңсыз жолмен алып беремін деп уәде беретін күмәнді делдалдарға сенбеуге кеңес береді.

Барлық мемлекеттік қызметтер тек уәкілетті органдар арқылы, белгіленген тәртіппен көрсетіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру