Ақтөбедегі түзеу мекемелерінде сотталғандарға жігер берді
ҚАЖ департаментінің тәрбие бөлімі «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігі және «ASMET- 2018» қоғамдық ұйымдарымен бірлесіп, КА-168/1 және КА-168/2 мекемелерінде жаңа жылдық кеш өткізді,-деп Polisia.kz хабарлайды порталының тілшісі.
ҚАЖД тәрбие бөлімінің аталған мекемелерге мерекелік кешті қою үшін мүмкіндігі шектеулі адамдардан құралған қоғамдық ұйымдарды таңдауы да бекер емес. Бұл туралы шараны жүргізген «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің міндетін атқарушы директоры Гүлмирам Сражова сотталғандарға өзінің басына түскен сынақты қалай жеңіп келетіні туралы айтқан әңгімесінде тілге тиек етті. 15 жасында темір жол көлігінің астына түсіп, бір қолы мен екі аяғынан айырылған Гүлмирам, сотталғандарды да өзі сияқты өмірдегі кездескен кедергілермен, қиындықпен күресуге шақырды:
– Қандай да бір қиындыққа тап болғанда, өмірімізге өкінішпен қарап, қиналып кететініміз рас. Себебі, біз пендеміз ғой. Бірақ, бұл- өмір болғасын, «өмір» деген қиын жолда қателеспейтін адам болмайды.
Бүгін сіздердің алдарыңызға келіп, концерт қойып отырғанымыз да бекер емес. Яғни, біздің, мүмкіндігі шектеулі еріктілердің дәл қазіргідей өмірге құлшынысымызды көріп отырып, сіздердің де өздеріңізді жақсы жағынан көрсету арқылы тезірек бостандыққа шығуға асығып, өмір сүруге құлшыныстарыңыз артса екен деген тілегіміз бар. Араларыңызда адасқандарыңыз болса, қателіктеріңізді түзеп, тезірек отбасыларыңызбен қауышыңыздар!-деді.
«ASMET- 2018» жеке мекемесінің жетекшісі Ботагөз Дүйсекова да он жылдан бері мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп, қоғамға бейімдеп келеді:
– Бұл өмірде бәріміз қателесеміз және сол қателікті түзеу үшін тырысамыз, барымызды саламыз. Сіздерге мерекелік көңіл-күй сыйлауға келген мына еріктілердің барлығы да тағдырларының қиын соққысына шыдап, мүмкіндігі шектеулі екендіктеріне қарамастан, қиындықпен күресіп, Алланың берген «Өмір» деген сыйын мағыналы сүруге құлшынып келеді.
Кейде қол-аяғы сау адамның да қолынан келмейтін нәрселері болады. Мысалы, менің қол-аяғым сау болса да, мүмкіндігі шектеулі балам үшін көп нәрсені жасай алмауым мүмкін. Бірақ, мен солай екен деп тоқтап қалмаймын, баламның толыққанды сауығып кетуі үшін барымды салып келемін және сала беремін де. Ал, сіздердің аяқ-қолдарыңыз сау, қолдарыңыздан көп нәрсе келеді. Сондықтан, мұқалмай, тезірек үйде күтіп отырған ата-аналарыңызға, отбасыларыңызға, балаларыңызға оралуға асығыңыздар! Бостандыққа шыққанда да Пробация қызметінің көмегімен жұмысқа тұрып немесе жеке шаруашылықтарыңызды ашыңыздар. Бұл орайда біздің орталық та сіздерге қажетті көмекті беруге әзір -деді.
Еріктілердің осындай жүрекжарды тілектері мен жігерлендіруге арналған әңгімелерінен кейін, ортаға хормен аяз ата мен ақшақар шақырылды. Қоғамдық бірлестіктер сотталғандарға өздері әкелген шоколад тәттілерін таратты. Ал, «Д.А.Р» еріктілер тобының мүшесі Арай Бержанова сотталғанмен қосылып, ән шырқады. Сондай-ақ, Арайдың оқуындағы М.Шахановтың «Көтер, кәне басыңды!» өлеңі сотталғандардың жүрегін толқытса, мүмкіндігі шектеулі Эрик Ибрагимовтың орындауындағы «Помолимся за родителей!» және басқа да еріктілердің орындауындағы «Әкешім! Анашым!» әндеріне сотталғандар көпке дейін қол соғып, қошемет көрсетті.
Ал кеш соңында сотталғандар еріктілерге мерекелік көңіл-күй үшін алғыстарын айтып, ризашылық білдірді.