Ақтөбелік полицейлер Ұлы Отан соғысының ардагері М.Диденконы 95 жылдық мерейтойымен құттықтады
Бүгін Ақтөбе облысының ПД Кадр саясаты басқармасының басшылығы мен Ардагерлер кеңесі Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Диденконы 95 жылдық мерейтойымен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Михаил Иванович Диденконың өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болуға лайық. Оның жоғары адами қасиеттері, адалдығы, парасаттылығы, айналасындағыларға құрметпен қарауы, қарапайымдылығы оны өзгелерден ерекше сыйлауға себеп болып табылады.
Михаил Иванович 1943 жылдың қараша айында 17 жасында Қызыл Армия қатарына шақырылған. Соғыста «Қызыл жұлдыз» орденімен және «Жауынгерлік еңбегі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Ішкі істер органдарындағы қызметін 1950 жылы Қостанай облысындағы аудандық милиция бөлімінің жедел уәкілі қызметінен бастаған. Полиция қатарында 33 жыл адал еңбек еткен ол бірқатар басшылық лауазымдарды атқарған. Ішкі істер органдарында қызмет еткен жылдары «Құрмет белгісі» орденімен, «Милиция үздігі» төсбелгісімен және басқа да наградалармен марапатталған.
Бүгінде Михаил Диденко әйелімен бірге балалары мен немере-шөберелерінің қызығын көруде.
Михаил Ивановичпен кездесу барысында ДП Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Дәулеталин ардагерге мықты денсаулық, ашық аспан және барлық игіліктерді тіледі. Сондай-ақ, қылмысқа қарсы күрестегі көп жылғы адал және жанқиярлық қызметі үшін алғысын білдірді.