Ақтөбелік полицейлердің жағдайын ПД басшысы бақылап қайтты
Ақтөбе облысы ПД басшысы Атығай Арыстанов қала маңындағы блок бекетте болып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды, сондай-ақ полицейлердің тұрмыстық жағдайларын бақылап қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
28 сәуірде А.Арыстанов Қобда тас жолындағы №1 блок-бекетке барып, полицейлердің жұмыс және демалыс жағдайларымен, келіп жатқан және шығатын автокөліктердің құжаттарын тексеру жұмыстарымен танысты.
“Блок бекеттердегі жағдай тұрақты, барлық қызметкерлер ТЖ режимі 11 мамырға дейін ұзартылғанынан хабардар және біз Ақтөбе облысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыратын боламыз.
Блок бекеттерде барлық қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен, ыстық тамақпен, демалысорнымен қамтамасыз етілген. Полиция қызметкерлері екі ауысымды тәртіпте блок–бекетте қызмет атқарады.
Жалпы облыс бойынша күндізгі және түнгі уақытта қоғамдық орындарда күзет күшейтілді. Полиция қызметкерлері 1000-нан астам тәртіп бұзушылықты анықтады, оның ішінде 200-ге жуық қамауға алынды, заңсыз блок бекеттерді айналып өткен 78 адам ұсталды. Облыс бойынша барлығы 28 блок бекет қойылды, оның ішінде жетеуі Ақтөбе қаласының айналасында», – деді А. Арыстанов.
Тәртіп сақшылары төтенше жағдай кезінде күшейтілген қызмет режиміне көшірілді. Олар тек блок бекеттерде ғана емес, сонымен қатар қылмыстың алдын алу және карантин ережелерін түсіндіру бойынша көшелерді патрульдеуге де бекітілген. Мобильдік топтардың құрамында полицейлер ілесіп жүреді, карантиндік нысандарды күзетуді қамтамасыз етеді.
Сәуір айынан бастап №1 блок бекетте полицей Әлібек Құлжабаев қызмет атқарады. Ақтөбеде оның отбасы мен 3 баласы қалды.
«Біз басқа мемлекеттік органдармен 24/7 режимінде жұмыс істейміз және СЭС, Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Ауа райының өзгеруіне байланысты қиындықтар болды. Әрине, біз отбасымызды сағынып оларға қоңырау шаламыз, отбасымыз бізді қолдайды. Бізді жақсы тамақтандырады, бәрі қорғаныс костюмдерімен қамтамасыз етілген, екі аптада бір рет КВИ сынағынан өтеміз, талдаулар теріс», – дейді ол.
Бүгінгі күні ҚАЖД және ПД қызметкерлерінің 82 пайызы КВИ-ге жедел тестілеуден өтті, нәтижелері барлығында теріс.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлерімен КВИ-дің алдын алу мақсатында қызмет атқару кезіндегі сақтық шаралары, қорғаныс костюмдерін және жеке қорғану құралдарын кию ережелері бойынша нұсқаулық өткізілді. КВИ-ге қарсы күрес шараларына бекітілген полицейлер Ақтөбе облысы ПД-ның тапсырысы бойынша ЖШС «Еңбек Ақтөбе» арнайы қорғау костюмдерімен толық жабдықталған.