Ақтөбелік студент 18 жастағы тұрғынды несие ресімдеуге мәжбүрлеген
Ақтөбелік студент 18 жастағы тұрғынды несие ресімдеуге мәжбүрлеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 16 желтоқсанында колледждердің бірінің студенті Мәртөк ауданының 18 жастағы тұрғынын смартфонға несие ресімдеуге мәжбүрлеген.
Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ұсталған адамның есебінде осыған ұқсас үштен астам эпизод бар екені белгілі болды. Шығын сомасы – 450 мың теңге.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 191-бабы 1-бөлігі (Тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, облыс аумағында бұрын жасалған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп немесе онсыз екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.