Ақтөбеліктің көлігінен қару-жарақ арсеналы тәркіленді
Ақтөбеліктің көлігінен қару-жарақ арсеналы тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 қараша күні сағат 00.42-де полиция қызметкерлері алған ақпарат бойынша жедел іс-шаралар өткізу кезінде Жаңақоныс кенті маңында ресейлік есептегі 18 жастағы жүргізушінің басқаруындағы ВАЗ-2199 автокөлігін тоқтатты. Көліктің салонында 25 жастағы екі жолаушы болған.
Автокөлікті тексеру кезінде полиция қызметкерлері ИЖ маркалы екі ұңғылы шолақ аңшы мылтығын және ИЖ маркалы екі тегіс ұңғылы мылтықты, 16 калибрлі алты патрон мен екі пышақты тәркіледі.
Сонымен қатар, жүргізушінің есірткілік масаң күйде болғаны анықталды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Аталған факті негізінде ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицейлер азаматтарға не үшін сонша қару керек екенін анықтап жатыр.
Осы баптың санкциясы бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.