Ардагер полицейлер тәртіп сақшыларымен бірге қала көшелерін патрульдеуге шықты
Ардагер полицейлер тәртіп сақшыларымен бірге қала көшелерін патрульдеуге шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 наурызында Ақтөбе қаласы полиция басқармасының плацында полицияның кешенді күштерінің гарнизондық таратылуы өтті. Жиын барысында ПД бастығы Абай Жусупов қызметке түсетін жасақтарға азаматтармен сыпайы және әдепті қарым-қатынас жасау, қызметтік міндеттерін сервистік тәсілге толық бағыттала отырып атқару, облыс жолдарындағы қауіпсіздікті арттыруға негізделген шараларды қабылдау туралы нұсқау беріп, Мемлекет басшысы мен ІІМ басшылығының құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың жолын кесуге бағытталған талаптарын жеткізді.
Сондай-ақ департамент бастығы ювеналдық полицияға жаңа қызметтік шағын автобустың кілтін табыстап, жаңа автокөлік жасөспірімдер құқықтарын қорғау мен қылмыстардың алдын алуға қызмет ететініне сенім білдірді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылған жеке құрам қаладағы жедел жағдай туралы хабардар етіліп, қылмыс жасаған, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру бойынша бағдарлармен таныстырылды.
Жасақтар сап түзеген шараға ішкі істер органдарының ардагерлері мен тәлімгерлері де қатысып, өздерінің ақыл-тәжірибесімен бөлісіп, тәртіп сақшыларының қызметіне сәттілік тіледі.
– Көшелердегі полиция жасақтары – әр азаматқа сенім ұялатып, өздерін қауіпсіз сезінуіне ықпал етуі тиіс. Бүгін біз өз тәжірибемізге сүйене отырып, полицейлерге, әсіресе, жас мамандарға көмекке мұқтаж азаматтардың жанынан әрдайым табылу, қарапайым әрі адал болу туралы ақыл-кеңестерімізді айта отырып, халықпен сенімді қарым-қатынас орнату, жеке түйсігімен құқық бұзушылықтарды анықтау тәсілдерімен бөлістік, – дейді ІІО ардагері Ерлан Алтынбаев.
Гарнизондық таратудан кейін ардагер-тәлімгерлер облыс аумағында құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кіріскен полицейлермен бірге қала көшелерін патрульдеуге шықты.