Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Арнайы жасақтың алып жауынгерлері жайлы

Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері жайлы не білеміз? Олардың міндеті қандай? Осы және өзге де қызықты ақпараттар жайлы Polisia.kz тілшісі баяндайды.

ҚР-ның азаматтарының құқықтарын қорғау, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лаңкестік іс-әрекеттердің жолын кесу, ұйымдасқан қылмыскерлерге тоқтау қою, мұның бәрі де ЖҚАЖ жауынгерлерінің міндетіне кіреді. Қиын да күрделі тапсырмаларды орындайтын «Арнайы жасақтың жауынгерлері қандай болу керек?» деген сұраққа Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері жауап берді.

Мамет Мамедов – дайындығы мен біліктілігі жоғары жауынгерлердің бірі. Ол 1989 жылы 29 шілдеде дүниеге келген. Шаңырақ көтергеніне 12 жыл болған тәртіп сақшысы бүгінде үш баланы тәрбиелеп отырған әке.

– Мен 2011 жылдан бастап ІІО-да әртүрлі лауазымда қызмет етіп келемін. Атап айтатын болсам, патрульдік полицияда, ювеналды полицияда қызмет еттім. Сондай-ақ, көші-қон қызметінде де тәжірибе жинадым. Бүгінгі таңда жылдам қимылдайтын арнайы жасақта қызмет етемін.

ЖҚАЖ-ға қалай келдіңіз? Жасақ жауынгері болу үшін қандай талаптар қойылады? Бойдың ұзын болуы қажет пе?

– Арнайы жасаққа жұмысқа кіру үшін жоғары білім, әскери билет міндетті түрде керек. Спорт шебері немесе спорт шеберіне кандидат болуың қажет. Осы қызметке келерде спорттан емтихан да тапсырғанбыз. Менің ойымша, арнайы жасаққа жұмысқа кіру үшін үміткер шымыр болу керек. Себебі біздің жұмыстың маңыздылығы белгілі ғой. Физикалық дайындығың жоғары болу керек. Тек ЖҚАЖ-да емес, кез келген жұмыста жауапкершілік, біліктілік, пунктуальді болғанға не жетсін?! Еліміздің, істеп жатқан жұмысымыздың патриоты болу керек. Себебі ел мен жерге, халыққа деген махаббат сенің жұмысыңды жандандырады.

Волейболды жанына серік еткен Мамет Мамедов – 10 дүркін Қазақстан чемпионы. Бойы екі метр. Арнайы жасақ жауынгерінің айтуынша, жұмыстың еш қиындығы жоқ, бірақ ұзын бойлы болғандықтан көп жағдайда форма тура келмейді. Бойына сай форма табу өте қиын. Үстіңгі киімді міндетті түрде арнайы тіктіреді екен. Бірақ соған қарамастан, ол өзінің ұзын бойлы болғанын мақтан тұтады.

Шымкент қаласы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағында екі жүзден астам қызметкер бар.

Ел тыныштығын кірпік қақпай күзетіп жүрген тағы бір шымкенттік жауынгер – Асхат Усипбеков. 34 жастағы Асхат Алматы қаласы Абай атындағы университетте заң мамандығын тәмамдаған. Отбасында осы салада қызмет ететін жалғыз өзі екен.

– Жалпы, бұл қызметке іштегі патриоттық сезімнің сәулесімен келдім. Ел қорғайтын, ел тыныштығын күзететін қызметте істеу мен үшін – мақтаныш. Жұмыстың ерекшелігі көп, соның бірі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Жұмыстың жауапкершілігі қанша жоғары болса да, отбасыма жеткілікті уақыт бөлемін. Бойым екі метрге жақын. Бойымның ұзындығынан жұмыста ешқандай кедергіге тап болмағанмын. Бойлы болған жақсы ғой. Әр жұмыстың өз қиындығы болады деп ойлаймын. Тек соған төзімділік, жұмысқа деген ынта керек. Тәуліктің кез келген уақытында, ауа райының сан құбылғанына қарамастан, біз шақыртулар мен шататтан тыс жағдайларға дайын болуымыз қажет.

Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлеріне қойылатын талап қатаң. Сол қатаң талапқа сай келіп, бүгінде халықтың қауіпсіздігін күзетіп жүрген жасақ қызметкерлерінің бірі – Нұржан Бекзатов. Биылғы көктемде 31 жасқа толған кейіпкеріміз бокстан бірталай жетістіктерге жеткен. Оның айтуынша, қиындыққа толы қызметінде оған қазақтың қымызы бен шұбаты, жал-жаясы күш береді.

– Бізде бір күндік жұмыс уақыты таңғы саптық жиыннан басталады. Жұмыс кестесіне сай спорттық іс-шараға қатысамыз. Яғни, біз үздіксіз дене жаттығуын жасаймыз. Күн сайын түскі сағат 14:30-дан бастап даярлық сабақтарын өткіземіз. Ал 17:00-ден 19:00-ге дейін күрес тәсілдерінен сабақ өтеміз. Бойым екі метрге жақын. Бойлы болғаныммен, формадан менде ешқандай қиындық жоқ.

Нұржан, менің білуімше, сіз панкратион спортының Әлем чемпионы атандыңыз. Қанжығаңызда тағы қандай жүлделер бар?

– Иә, арнайы жұмсақ қолғаппен белгілі бір ережеде күш сынасатын бұл спорт түріне ерекше қызығушылық танытамын. Сол қызығушылық пен еңбектің арқасында біршама жетістікке жеткен жайымыз бар. 2013-2016 жылдар аралығында Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегерімін. 2017 жылы үшінші орынды иелендім. Одан соң Кубада өткен «Дружба» халықаралық жарысының жеңімпазы болдым және Президент кубогінің финалистімін. Қазақстанда ІІО қызметкерлері арасында өткен қоян-қолтық ұрыстан чемпион атандым. ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының Кубогіне өткізілген турнирдің финалистімін. Қызметім, спортқа деген ынтам мені әрдайым алға жетелейді. 

«Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт!» деп жырлаған кезінде жыр алыбы Жамбыл атамыз. Батыр деген ер азамат үшін қасиетті атақ. Сол атаққа сай болу үшін көп нәрсе керек емес, тек жасай алатыныңды шын жүректен жасап, өзгеге зиян келтірмей, Отан алдындағы антқа адал болсаң болғаны. Осы талаптарға сай, елдің болашығы үшін талмай еңбек етіп жүрген сақшының бірі – Батырсейт Қайрылбаев. Ол 1985 жылы Ордабасы ауданы Бөгенсу ауылында туып өскен. Оңтүстік Қазақстан университетінің дене шынықтыру және спорт факультетін бітірген. Сондай-ақ, Қазақстан Халықтар Достығы университетінде құқықтану мамандығын тәмамдаған.

Батырсейіт Қазкенұлы, бойыңыз қанша?

– Бойым – 197 см. Бойымның ұзын болуы әкеме тартқан. Әкем мықты волейболшы болған. Әкеме қарап, менің де волейболға қызығушылығым артты. Кішкентайымнан осы спорт түріне жақын боп өстім. Қазіргі таңда ҚР чемпионатының 10 дүркін чемпионымыз. Волейболдан спорт шеберімін.

Қандай тамаша! Айтыңызшы, арнайы жасақ жауынгерінің міндеті қандай?

– Мен өзімді патриотпын деп айта аламын. Міндетім – еліміздің тыныштығын сақтау, бейбіт күндердің себепкері болу. Қызметке адалдық – өсіретін дүние. 

Батырсейт бүгінде асыл жары екеуі екі қыз, үш ұлды тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Қамқор әкенің айтуынша, балалары әке жолын қуам десе, ол қарсы болмайды.

Болашақтың көзі – бүгінгі ұрпақ. Сол ұрпаққа не береміз – соны аламыз. Жақсыны көрмекке демекші, оқырманға антқа адал жандардың қызметін айту, көрсету – бірлігі мол қоғамды қалыптастырады, қалыптасқан қоғамды берік етеді.

Бүгінгі мақаламызға арқау болған арнайы жасақта қызмет ететін барлық жауынгердің мықты екені сөзсіз. Себебі бұл салаға тек шыдамды жандар келеді.

Кейіпкерлеріміздей сұңғақ бойлы, жауырыны кең, алып денелі алпауыттар тұрғанда біздің бейбіт күнде бақытты өміріміз жалғасатынына сенеміз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру