Арыс полицейлері ІІО-ның ардагеріне көмек берді
Түркістан облысында ішкі істер саласының ардагеріне полицейлер тарапынан азық-түлік пен ақшалай көмек берілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мамыражай мамыр айындағы мейрам қарсаңындағы мерекелік құттықтаулар мен батыр аталарымызға деген сый-құрмет толастар емес. Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен қатар, ішкі істер саласында абыройлы қызмет етіп, бейнетінің зейнетін көруге зейнеткерлік демалысқа шыққан полицей ардагерлер де ұмытылмайды. Мысалы, Арыс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері және Арыс қаласы ардагерлері біргелікте игі іс жасады. Аудандық полицейлер бірауыздан келісіп, өз қалталарынан қаражат жинақтап, қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Нақтырақ айтсақ, Арыс ауданы полиция бөлімінен зейнеткерлікке шыққан Василий Ивановичтің қара шаңырағына арнайы барып, қал-жағдайын біліп қайтты. Сондай-ақ денсаулығына байланысты І-топ мүгедегі болып, төсек тартып жатқан зейнеткерге азық-түлікке толы себет пен 150 мың теңге ақшалай көмек көрсетілді.
Өз кезегінде ішкі істер органының ардагері шынайы ризашылығын білдіріп, аудан тыныштығын қамтамасыз етіп, қоғамдық қауіпсіздікті сақтап жүрген кейінгі буын, ізбасар полицейлерге алғысын жеткізді. Қиналғанда қол ұшын созып, жәрдем еткені үшін, шексіз риза болғанын айтып, ақ батасын берді.
Бүгінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері қолдан келгенше осылай қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдырған. Бұл іс-шара жеке құрамның халықпен тығыз байланыста болуына бастайды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.