Арыста карантин талабын сақтамаудың 500-ге тарта жайты анықталды
Арыста карантин талабын сақтамаудың 500-ге тарта жайты анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД Арыс АПБ-ның полиция қызметкерлері жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша 500-ге тарта құқық бұзушылық анықтаған. Оның ішінде той-жиын жасаудың 25 жайты, көпшілік жерде бетпердесіз жүрудің 54 жайты, шектелген уақытқа қарамай жұмыс жүргізген дүкендердің 50-і, ойынханалардың үшеуі анықталған. Аталған деректерге заңды шара көру үшін жинақталған іс-құжаттар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша) тіркеліп, заңды шешім қабылдау үшін тиісті мекемеге жолданды.
Мәселен, Арыс қаласында орналасқан тойханалардың бірінде 150-ге жуық қонақ шақырып, қыз ұзату тойын жасап жатқан тұрғын анықталды. Орын алған заң бұзушылыққа қатысты тойхана иесі мен той егесіне карантин талабын сақтамау бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шара қолдану үшін тиісті орынға жолданды. Ал қонақтарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, той тоқтатылып, тарқатылды.