Арыстық полицейлер заңсыз жұмыс істеп жүрген 23 шетелдікті анықтады
Арыстық полицейлер кеурек дәрілік шөбін қазып, заңсыз жұмыс істеп жүрген 23 шетелдікті анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері заңсыз көші-қон желілерінің алдын алу және оларды ұйымдастырушыларды анықтау мақсатында қарқынды қызмет етіп келеді. Сондай-ақ, облыс аумағында жүрген шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуде күнделікті жұмыстар жүргізуде.
Мәселен, Арыс ауданының тәртіп сақшылары далалы жерлерде өсетін емдік қасиеті өте жоғары дәрілік кеурек ферула шөбінің сөлін қазып, заңсыз жұмыс істеп жүрген Өзбекстанның 23 азаматын анықтады. Олар далалы алқапқа шатыр тігіп, кеурек қазып жүрген жерлерінен ұсталды.
Олар ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы) жауапқа тартылып, ел аумағынан аластатылды. Ал жұмыс беруші ҚР азаматына ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы (Шетелдік жұмыс күшін және еңбекші көшіп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынды.