Арыстық полицейлер жол-көлік оқиғасын жасаған мас жүргізушіні жауапқа тартты
Арыстық полицейлер жол-көлік оқиғасын жасаған мас жүргізушіні жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz
Арыс АПБ-ның полиция қызметкерлері кезекті жол-көлік оқиғасы жайтын анықтады. Яғни, Opel Vectra автокөлігі қарсы жолаққа шығып, Ваз-21014 автокөлігімен соқтығысқан. Жол апатынан зардап шеккендер жоқ, алайда көліктерге материалдық шығын келген.
Тексеру кезінде тәртіп сақшылары Opel Vectra жүргізушісі көлікті мас күйінде басқарғанын анықтады. Тәртіп бұзушы медициналық куәландыруға жеткізілді, ол мас болудың орташа дәрежесін көрсетті.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамның көлік құралын басқаруға жіберілуі) бойынша тіркелді.
Себебі полицейлердің анықтауынша, жүргізуші бұдан алдында ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі жүргізушінің көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамға беруі) жауапқа тартылған. Сол уақытта сот жол қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін жергілікті тұрғынды 5 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырған. Десек те, өз қателігінен қорытынды шығармаған жүргізуші қайта мас күйде көлік басқарған. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.