Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Аса ірі көлемде синтетикалық есірткі жасырмақ болған ер адам құрықталды

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері аса ірі көлемде синтетикалық есірткі жасырмақ болған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Патрульдік полиция қызметкерлері кезекшілік қызмет атқару барысында Қарағанды тас жолының бойындағы ағаштардың арасынан ер адамды байқаған. Күдікті маңайын телефон камерасына түсіріп жүрген. Полицейлер оны тоқтатып, орманда қандай мақсатпен жүргенін сұрайды. Ер адам зираттан келе жатқанын айтады.

Тексере келе полиция қызметкерлері ағаш түбінен қапталған синтетикалық есірткі тауып алды. Пакетте «мефедрон» және «Альфа-РVР» синтетикалық есірткі заттары болғаны анықталды. Тәркіленген препараттың жалпы салмағы бір келіден астам.

27 жастағы Алматы қаласының тұрғыны елордаға синтетикалық заттарды жеткізген. Күдікті есірткіні Нұр-Сұлтан қаласының аумағында сатпақ болған.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Алты мыңнан астам бір реттік дозаның құны «қара» нарықта 25 миллион теңгені құраушы еді.

Ағымдағы жылдың басынан бері елорда аумағында заңсыз айналымнан 30 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

Полиция синтетикалық есірткінің адам ағзасына тигізетін және тәуелділікке әкелетін зияны туралы ескертеді. Препарат ми мен жұлынның функцияларына әсер етеді, қозғалыс процестерін, есте сақтауды, эмоцияларды қалыптастыруды және ауырсыну сезімталдығын бұзады. Сондай-ақ, иммундық және репродуктивті жүйелердің жасушаларына әсер етіп, интеллект бұзылады.

«Есірткі қылмысымен күресте есірткіні сату, жарнамалау және елорда арқылы өткізу фактілерін анықтауға баса назар аударылуда. Біз 2022-2025 жылдарға арналған «Нұр-Сұлтан – есірткісіз қала» жаңа бағдарламасын әзірледік, онда есірткіге қарсы іс-қимылды күшейту бойынша бірқатар іс-шаралар көзделген», – деп атап өтті Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру