Ашық есік күні: СҚО колониясында сотталғандар туыстарымен кездесті
СҚО колониясында сотталғандар туыстарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының ЕС-164/3 орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқан ер адамдар үшін ашық есік күні ұйымдастырылды. Сотталғандар ата-аналарымен, жұбайларымен, аға-інілерімен, апа-сіңлілерімен және балаларымен кездесуге мүмкіндік алды. Мекемеге Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарынан барлығы 55-ке жуық адам келді.
– Соңғы рет ЕС-164/3 мекемесінде ашық есік күні наурыз айында өткізілді. Бұл жолы ашық есік күні «Балалар жылына» арналған. Барлығы осы күнді асыға күтті. Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – сотталғандардың туыстарымен әлеуметтік-пайдалы байланыстарын сақтау. Осындай іс-шаралар сотталғандардың түзелуіне және мерзімінен бұрын босатылуына серпін береді, үлкен тәрбиелік мәні бар, – деді СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/3 мекемесінің бастығы Уәлихан Байтасов.
Сотталғандардың туыстары мекеме басшылығына толғандырған сұрақтарын қойды. Туыстардың көпшілігі ұстау шарттары туралы сұрақтарға қызығушылық танытты. Әкімшілік балалар үшін аниматорларды шақырды, олар күні бойы жақсы көңіл-күй мен жағымды эмоциялар сыйлады.
– Әкеммен әрдайым байланыстамыз, телефон арқылы сөйлесіп тұрамыз. Біз әкемізбен бір жыл кездескен жоқпыз. Бүгін кездесуге ағаларымызбен және анамызбен Қостанай қаласынан арнайы келдік. Футбол ойнауды жақсы көремін, оқуымды жақсы оқимын, жетістіктеріммен ата-анамды қуантуға тырысамын, – деп бөлісті сотталғанның ұлы Сергей