Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ашық форматтағы кездесу: Екібастұзда тұрғындардың мәселелері тыңдалды

Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына келіп, тұрғындармен ашық форматта кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты — азаматтарды жеке қабылдап, олардың өзекті мәселелерін тікелей тыңдау болды.

Қабылдау барысында ерекше назар аудартқан жағдайлардың бірі — жергілікті тұрғынның өтініші. Әйел адам алкогольге тәуелді ұлының тәртібіне шағымданып, оның анасының ескертулеріне құлақ аспай, жанжал шығаратынын жеткізді.

Полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, қабылдау өтіп жатқан сәтте патрульдік жасақ оқиға орнына барып, құқық бұзушыны учаскелік полиция пунктіне жеткізді. Профилактикалық әңгімеден кейін азамат анасынан кешірім сұрап, ем қабылдауға келісім берді. Алдағы уақытта ол тиісті емдеу мекемесіне жолданатын болады. Қабылдау барысында атқарылған жұмыстар әйелге фотоесеп арқылы көрсетілді.

— Азаматтардың өтініштері әртүрлі бағыттарды қамтыды: қылмыстық істердің тергелуі, қоғамдық қауіпсіздік, заңнаманың сақталуы, жол инфрақұрылымын жетілдіру, тұрғын аудандарда құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ өзекті мәселелердің бірі — кибералаяқтық. Мұндай кездесулер есеп беру үшін ғана емес, ең алдымен халық сенімін арттыруға бағытталған, — деп атап өтті Василий Скляр.

Полиция басшысы, әсіресе, егде жастағы азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғау мәселесіне ерекше тоқталды. Осыған байланысты жергілікті полиция қызметіне тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын күшейту және ақпараттық жадынамалар тарату тапсырылды. Себебі алдын алу шаралары — киберқылмыспен күрестің ең тиімді жолы.

Жалпы қабылдау барысында 20-дан астам азамат жүгінді. Көтерілген мәселелердің жартысы сол жерде шешімін тапса, қалғандары нақты мерзімдер белгілене отырып, тиісті мекемелерге жолданды.

Қала тұрғындарына полициямен байланысудың заманауи тәсілдері де еске салынды. Дәстүрлі арналармен қатар, "102" мобильді қосымшасы және омниканалды өтініш қабылдау жүйесі арқылы да жүгінуге мүмкіндік бар.

Барлық өтініштер Екібастұз қалалық полиция басқармасының бақылауына алынды, ал күрделі мәселелерді Василий Скляр жеке бақылауында ұстайды. Айта кету керек, бұған дейін осындай форматтағы кездесу Ақсу қаласында да өткен болатын.

Ведомство мәліметінше, "осында және қазір" қағидаты Павлодар облысы полициясының жұмысында жүйелі тәжірибеге айналып келеді. Жеке өтініштермен қатар, жүйелі сипаттағы мәселелер де талқыланды. Атап айтқанда, полиция басшысы Екібастұз қаласындағы мектептер мен балабақшалар маңындағы жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, ай соңына дейін жол таңбаларын жаңарту және жаяу жүргіншілер өткелдерінің жарықтандырылуын тексеруді тапсырды.

Сонымен қатар кибералаяқтықтың алдын алу мәселесі жеке бағыт ретінде қарастырылды. ПД басшысы бірнеше зейнеткермен жеке сөйлесіп, телефон алаяқтарының құрбаны болмау жолдарын түсіндірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру