Астана әуежайында бұзақылық жасаған жолаушы жазаланды
Астана – Алматы әуерейсінің жолаушысына әуежайда құқық бұзушылық жасағаны үшін 172 мың теңге айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне Air Astana әуекомпаниясының өкілі жолаушылардың біріне қатысты шара қолдану туралы шағымданды. Өтініш берушінің айтуынша, рейске тіркеу кезіндеі жолаушы әйел жеке басын куәландыратын құжат көрсетпеген. Балағат сөздер айтқан. Көлік полицейлері тексеру кезінде елорданың 35 жастағы тұрғынын анықтады. Ол сондай-ақ полиция бөлмесіне жеткізу кезінде тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбаған.
Әйелге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық), 667-бабының 1-бөлігі (Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) бойынша әкімшілік материалдар толтырылып, Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Сот шешімімен құқық бұзушыға 50 АЕК (172 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған 14 855 адамды жауапкершілікке тартты. Оның ішінде ұсақ бұзақылық 204 адам, құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбағаны үшін 17 адам жазаланған.