Полиция вандализмнің алдын алу бағытында кешенді шаралар қабылдады
Астанада вандализм мен бөтен мүлікті қасақана бүлдірудің алдын алу бағытында кешенді шаралар қабылдануда, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Еске салайық, 2023 жылдан бастап елімізде вандализм актілеріне, қоғамдық және жеке меншік мүлікті қасақана бүлдіруге қатысты жауапкершілік күшейтілді. Атап айтқанда, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне 147-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылады.
Астана қаласы Есіл ауданының полиция басқармасы Алматы көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында орналасқан аялдаманың әйнегін әдейі сындыру фактісін анықтады. 34 жастағы азамат алкогольдік мас күйінде аялдама әйнегін қолымен ұрғанын мойындады.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, құқық бұзушының орташа деңгейде мас күйде болғаны анықталды. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізілуде, келтірілген залал мөлшері анықталуда.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері: ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабы бойынша бөтен мүлікті қасақана бүлдірудің 134 фактісі анықталды, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 1 641 адам жауапқа тартылды .
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында күн сайын 2 500-ден астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан сарбазы қала көшелерінде патрульдік қызмет атқарады.
Қазіргі таңда жедел басқару орталығы мен кезекші бөлімдерге 36 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қосылған. Осы камералардың көмегімен жыл басынан бері: 1 000-нан астам қылмыс; 14 000-нан астам құқық бұзушылық анықталған.
Полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда, көпқабатты үйлердің аулаларында, көлік нысандарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Тұрғындармен кездесулер, оқушылар мен жастар арасында вандализмнің құқықтық салдары туралы кеңінен ақпарат берілуде.
Полиция қала тұрғындарын қоғамдық тәртіпті бұзбауға, бөтен мүлікке қол сұқпауға шақырады. Әрбір азаматтың мәдени орта мен қауіпсіз қоғам қалыптастыруға қосқан үлесі маңызды.