Астанада дрондар мен интеллектуалды тану жүйелері арқылы бақылау күшейтілуде
Астанада дрондар мен интеллектуалды тану жүйелері арқылы бақылау күшейтілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада полиция құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісінде тиімділік пен технологиялық даму тұрғысынан жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде Астанада заманауи бейнебақылау және тіркеу жүйелері кеңінен қолданылып, құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға, олардың алдын алуға және жолын кесуге мүмкіндік беріп отыр.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы полицияның жедел басқару орталығында тәулік бойы үздіксіз жүргізіледі. Мұнда қала өміріне толық бақылау орнатылған. Ол үшін түрлі заманауи құралдар кешені — көше бейнекамералары, смарт-жетондар, автопатрульдерге орнатылған бейнеқұрылғылар және ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылады.
Ерекше назар "Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы" пилоттық жобасына аударылған. Оның аясында жол қозғалысына әуеден бақылау жүргізіледі. Қазіргі таңда алты заманауи дрон күн сайын қала көшелерін шолып, көлік ағынын бақылайды, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркейді, автокөлік нөмірлерін анықтап, оларды іздеу базаларымен салыстырады. Осылайша, полиция қызметкерлері кез келген жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік алады.
Мысалы, дронның көмегімен теміржол өткелінде шлагбаум жабылар сәтте жолды кесіп өткен Kia көлігінің жүргізушісі анықталды. Бұл дерек полицияның жедел басқару орталығына жолданып, жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тағы бір жағдайда Toyota көлігінің жүргізушісі теміржол өткелінің алдында тоқтаған автокөліктерді басып озғаны үшін жауапқа тартылды. Бұдан бөлек, дрондар көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану және көлік пайдалану ережелерін бұзу сияқты өзге де заңбұзушылықтарды анықтап отыр.
Сонымен қатар мәдени және спорттық бұқаралық іс-шаралар кезінде дрондар арқылы онлайн-трансляциялар ұйымдастырылып, бейнежазбалар полицияның жедел басқару орталығына тікелей беріледі. Бұл қоғамдық тәртіпті нақты уақытта бақылап, азаматтардың қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Заманауи технологияларды енгізудің арқасында елорда полициясы өз қызметін сапалы деңгейге көтеріп, құқықтық тәртіпті сақтау ісін барынша нақты жүргізуде. Нәтижесінде Астана тұрғындары мен қонақтары үшін қала барған сайын қауіпсіз әрі жайлы бола түсуде.
