Астанада кәріз қақпақтарын ұрлағандар ұсталды
Полицейлер металл ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға «Elorda Eco System» ЖШС-дан белгісіз біреулердің кәріз қақпақтарын ұрлау фактісі бойынша арыз келіп түсті.
Аталмыш факті бойынша кәріз қақпақтарын ұрлады деген күдікпен елорданың 30 және 35 жастағы екі тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Тергеу барысында анықталғандай, ер адамдар өздерінің көліктерімен (Газель және Kia Rio) түнгі уақытта Медеу, Қарталы, Оқжетпес, Ұлытау және Баршын көшелерінің аумағына 10 күн бойы келіп жүрген. Cодан кейін олар бөгде адамдардың жоқтығына көз жеткізіп, ұрлық жасаған. Күдіктілер жалпы 16 дана металды ұрлап үлгерген. Оларды металл сынықтарын қабылдау пунктіне тапсырған.
Металдарды өткізу сәті бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
– Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде күдікті адамдардың жеке басы мен орналасқан жері анықталды. Ер адамдар кінәсін мойындады, олардың бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда, – деді «Сарыарқа» ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Жалғас Әбшекенов.
Астана қаласының Полиция департаменті қырағы болуды ұсынады. Сондай-ақ тәртіп сақшылары көрінеу мүлікті сатып алу немесе өткізу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.