Астанада көлікті заңсыз айдап кетіп, көліктегі заттарды ұрлаған екі күдікті ұсталды
Астанада көлікті заңсыз айдап кетіп, көліктегі заттарды ұрлаған екі күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада полиция қызметкерлері сұр түсті Nissan Primera көлігін айдап әкеткен екі жігітті ұстады.
Тексеру барысында көліктің жүксалғышынан құрылыс құралдарының да жоғалғаны анықталды. Denza дәнекерлеу аппараты, ұзындығы 70 метр кабель-ұзартқыш, Скат перфораторы, сондай-ақ Crown бұрыштық тегістеуіші мен бұрғысы ұрланған. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 1 млн теңгені құрады.
Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы бірқатар айғақ заттарды жинап алды. "Қылмысты тоқтату" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында бейнебақылау камералары арқылы күдіктінің тұлғасы анықталды. Аталған факті бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.
Полиция азаматтарға көлікті күзетілмейтін аумақтарда қалдырмауды, көлікте құнды заттарды ашық жерге тастамауды, көлікті әрдайым дабылқаққыш жүйесімен қорғап, күмәнді жағдай туындаса, бірден "102" нөміріне хабарласуды ескертеді.