Астанада күтуші қыз зейнеткердің 2,5 млн теңгесін жымқырған
Астанада күтуші қыз зейнеткердің 2,5 млн теңгесін жымқырған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға алаяқтық фактісі бойынша 73 жастағы зейнеткер арызданған. Алматы ауданы ПБ полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 22 жастағы елорда тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында қыздың егде жастағы әйел адамның үйінде күтуші болып жұмыс істейтіні белгілі болды. Бірнеше айдың ішінде жәбірленушінің сеніміне кірген қаскүнем банктің мобильді қосымшасына зейнеткердің атынан кіріп, коммуналдық төлемдерді жүзеге асыру сылтауымен шотта жиналған қаражаттан 2,5 млн теңгеге жуық ақша ұрлаған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, ұсталған күдіктінің елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатыс бар-жоғы тексеріліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.