Астанада нашақорлыққа қарсы іс-қимыл айлығы аясында полиция мен прокуратура студенттермен кездесті
Астанада нашақорлыққа қарсы іс-қимыл айлығы аясында полиция мен прокуратура студенттермен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы күрестің кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде айлық жалғасуда.
Осы шара аясында қаладағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі — IT университетінде прокуратура мен полиция өкілдері студенттермен кездесті. Ашық диалог барысында жастарға есірткі құралдарын тұтынудың нақты салдары, оның адам денсаулығы мен өміріне тигізетін кері әсері туралы айтылды.
Сонымен қатар заңнамалық жағына — тыйым салынған заттарды сақтау, қолдану және тарату үшін көзделген қатаң жауапкершілікке ерекше назар аударылды. Студенттерге есірткі бизнесіне тарту интернет, әлеуметтік желілер немесе уақытша табыс табу сылтауымен білінбей басталуы мүмкін екені ескертілді.
Кездесу соңында спикерлер мұндай профилактикалық шаралардың маңыздылығын атап өтті. Оның басты мақсаты – жастарға шынайы ақпарат жеткізу ғана емес, сонымен қатар денсаулықты сақтау мен қауіпсіз болашақ үшін белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру.