Астанада полиция дүкеннен иіс су ұрлаған күдіктіні ұстады
Астанада полиция дүкеннен иіс су ұрлаған күдіктіні ұстады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордалық полицейлер косметика және парфюмерия дүкенінен иіс су ұрлаған ер адамды анықтады.
Сауда орталығының өкілі полицияға жүгініп, ұрлық туралы арыз қалдырған. Белгілі болғандай, күдікті витринадағы тауарды қарап, сатушының аңғармауын пайдаланып, әтір құтыны иемденіп, дүкеннен жасырынып шығып кеткен.
Алматы ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде 48 жастағы ер адамды күдікті ретінде құрықтады.
Осы дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ол кінәсін мойындап, заттай дәлелдемелер тәркіленді, сонымен қатар елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы да тексерілуде.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, жұмыс орнын қараусыз қалдырмауды ұсынады. Сауда үй-жайларын тиісінше бейнебақылау камераларымен және күзет дабылдарымен жабдықтауға кеңес береді.