Астанада қоғамдық орында кальян шеккен азамат жауапқа тартылды
Астанада қоғамдық орында кальян шеккен азамат жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кальян шегуге қатысты тыйымның мақсаты – азаматтардың денсаулығын сақтау және қоғамдық орындарда зиянды әдеттерді шектеу.
Лауазымды тұлғаның кальян өнімдерін тұтынуға арналған арнайы орындар бөлуді көздейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактілерін анықтау мақсатында «Учаске» жедел алдын алу шарасын өткізу барысында Астана қалалық полиция департаментінің учаскелік полиция инспекторлары осы жылдың басынан бастап қала аумағында орналасқан ойын-сауық мекемелеріне тексеру жүргізді.
Ойын-сауық мекемелерін тексеру барысында ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабында көзделген құқық бұзушылық фактілері анықталды. Қаланың лаундж барларының бірінде кальян шеккені үшін 28 жастағы азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды заңнама талаптарын сақтауға, сондай-ақ қоғамдық орындарда кальян шегуден бас тартуға шақырады. Заң бұзылған жағдайда тиісті шаралар қолданылатын болады.