Астанада Ұлттық ұлан түлектерінің аллеясы ашылды
16 мамырда Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында Ұлттық ұлан түлектерінің аллеясы салтанатты түрде ашылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған шараға ҰҚУ басшылығы, университет жанындағы Ұлттық ұлан факультетінің әр жылдардағы бастықтары, сондай-ақ ардагерлер мен білім алушы тәлімгерлер қатысты.
Іс-шара барысында олар қарағай көшеттерін отырғызды. Мұны болашақ ұрпаққа қалатын тірі ескерткіш, ұрпақтар сабақтастығы мен патриоттық рухтың көрінісі деуге болады.
Шара барысында сөз алған Ұлттық қорғаныс университетінің Жұмабек Ахметов бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтті.
– Ұлттық ұлан – ел қауіпсіздігінің сенімді тірегі. Университет қабырғасынан түлеп ұшқан офицерлер Отанға адал қызмет етіп, әскери тәртіп пен кәсіби біліктіліктің үлгісін көрсетіп жүр. Бүгін отырғызылған қарағайлар – жас офицерлердің елге деген адалдығының, ҰҚУ мен Ұлттық ұлан арасындағы берік байланыстың белгісі. Бұл аллея болашақ сардарларға рухани бағдар болады деп сенемін, – деді Жұмабек Ахметов.
Ұлттық ұлан факультеті – әскери білімнің бірегей орталығы. Онда тәртіп пен кәсібилікке, моральдық-психологиялық тұрақтылыққа басымдық беріледі. Сол себепті факультет түлектері ел ішіндегі қоғамдық тәртіпті сақтау, стратегиялық нысандарды қорғау, төтенше жағдайларда көмек көрсету секілді жауапты міндеттерді абыроймен атқарып жүр.
Ұлттық ұлан түлектерінің аллеясы алдағы уақытта да жыл сайын жас офицерлердің қатысуымен кеңейіп, жаңа көшеттермен толыға бермек. Бұл дәстүр еліміздің әскери рухын нығайтып, патриоттық тәрбие берудің жаңа бір форматына айналатын болады.