Астанада Ұлттық ұлан түлектерінің аллеясы ашылды
Астанада Ұлттық ұлан түлектерінің аллеясы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясының маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Осы игі бастама аясында еліміздің әскери оқу орындары да белсенділік танытып келеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында Ұлттық ұлан түлектерінің алеясы ашылды. Бұл бастаманы Ұлттық ұлан факультетінің бастығы С.Имиров ұсынған болатын.
Бұл алея Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының, ҰҚУ басшылығының және ардагерлер кеңесінің қолдауымен жүзеге асырылды. Ашылу рәсіміне ҰҰ факультетінің бұрынғы және қазіргі басшылары мен тәлімгерлер қатысып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, ҰҰ Бас қолбасшысының орынбасары, ҚР ҰҰ академиясының бастығы, факультет бастықтары және түлектері атынан қарағай ағашының көшеттерін отырғызды.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашы болған “Таза Қазақстан” акциясы – жай ғана экологиялық шара емес, бұл – өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен табиғатқа жанашырлық сезімін дарытудың жарқын жолы. Осы акция аясында бой көтерген Ұлттық ұлан түлектерінің алеясы – біздің тарихымыз бен сарбаздық рухымызды дәріптейтін ерекше символ, - деді Әскери өнерді ғылыми-зерттеу институтының бастығы Жұмабек Ахметов.
Айта кетейік, Ұлттық ұлан түлектерінің алеясы алдағы уақытта да жыл сайын жас офицерлердің қатысуымен кеңейіп, жаңа көшеттермен толыға бермек. Бұл дәстүр еліміздің әскери рухын нығайтып, патриоттық тәрбие берудің жаңа бір форматына айналатын болады.