Астанада ұрлық жасаған күдікті УҰИ-ға қамауға алынды
Сарыарқа аудандық криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бөтеннің мүлкін бірнеше рет ұрлаған 46 жастағы азаматты анықтап, ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу барысында белгілі болғандай, күдікті есігі құлыптанбаған уақытша тұрғын үйге заңсыз кіріп, 140 дана моншаға арналған сыпыртқыны жасырын түрде алып кеткен. Келесі күні ол ұрлықты қайталау мақсатында сол мекенжайға қайта барған. Алайда бұл жолы жәбірленуші күдіктіні байқап қалып, оқиға орнында ұстайды. Соған қарамастан, күдікті қашып үлгерген.
Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің тұрғылықты мекенжайын анықтап, оны үйінен ұстады. Ұрланған мүлікті сатып үлгермеген.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
