Астанада жасөспірім бейтаныс адамның картасынан досына ақша аударған
Жасөспірім елорда тұрғынын алдап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 жастағы жасөспірім кешкі уақытта көшеде бейтаныс адамға жақындап келіп, оған қатты аш екенін айтып, бәліш сатып алып беруді өтінген. Жасөспірімді аяған ер адам оны дүкенге алып барып, баланың өтінішін орындайды. Ал жеткіншек ер адамның қосымшаға кіру паролін көріп алған. Содан көшеге шыққаннан кейін жасөспірім одан қоңырау шалу үшін телефон сұраған. Қала тұрғыны оған ұялы телефонын береді, жас қаскүнем телефонды алып, қосымшаға кіріп, досының картасына 122 мың теңге аударған. Аударым жасағаннан кейін ол телефонды қайтарып берген. Ер адам ақшаның жоғалғанын келесі күні ғана біліп, полицияға хабарласқан.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдікті ұсталды. Бала ақшаны алып, жұмсап үлгерген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Жасөспірім өзінің кінәсін мойындады. Ювеналды полиция қызметкерлері оны ерекше бақылауға алды.