Астанада жасөспірімдер көлік салонынан ұрлық жасаған
Астанада жасөспірімдердің көлік салонынан ұрлық жасаған сәті видеоға түсіп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Автокөліктің салонынан ұрлық жасалынғаны туралы полицияға автоорталықтың заңгері арызданды. Кешкі уақытта жасөспірімдер Қабанбай батыр даңғылындағы Бавария Астана автоорталығының жанынан өтіп бара жатып, бұзақылық ниетпен шлагбаумның астынан өтіп, мекеме ауданына кіргені анықталды.
Автотұрақта клиенттердің есіктері кұлыпталмаған көліктері тұрған. Солардың біріне жақындап, еркін қол жеткізу арқылы BMW X6 автокөлігінің салонынан күннен қорғайтын көзілдірікті, қуаттағышты және көліктің қосалқы кілтін ұрлап кеткен. Жалпы шығын 800 мың теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Есіл ауданының ПБ полицейлері ұрлық жасады деген күдікпен 17 жастағы кәмелетке толмағандарды ұстады. Содан кейін олар заңды өкілдеріне тапсырылды.
ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Кәмелетке толмағандарды ювеналды полиция қызметкерлері ерекше бақылауға алды.