Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» науқаны басталды

«Астана қаласының коммуникациялар қызметінің» баспасөз орталығында Астана қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Арман Айтмағамбетов, «Астана қаласы әкімінің аппараты» ММ әкімі хатшылығының әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының хатшысы-бас инспекторы Қарлығаш Саркенова, Астана қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспекторы Гүлмира Шрахметова «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» тақырыбында атқарылатын жұмыстар туралы баяндады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі шаралар туралы халықты хабардар етуге бағытталған іс-шараларға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, еріктілер мен белсенділер қатысады.

Шара аясында еңбек ұжымдарында, білім беру ұйымдарында психологтармен, медиаторлармен, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлармен кездесулер өтеді.

Тәжірибелі сарапшылар отбасымен жұмыс жөніндегі мамандарға, дағдарыс орталықтарына, мектеп психологтарына, ата-аналар қауымына оқыту тренингтерін өткізеді.

29-30 қараша күндері салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы Политехникалық және Гуманитарлық колледж базасында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл» тақырыбында студенттерге арналған семинар-тренингтер өткізеді.

«Үміт» дағдарыс орталығының базасында уәкілетті мемлекеттік органдар, әкімдік жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері көрсетілетін қызметті алушылар қатарынан азаматтарды қабылдайды.

Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, 2022 жылдың 10 айында отбасыдағы агрессия фактілері бойынша азаматтардан 14 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

3500-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасауға бейім 7000-нан астам адамға қатысты қорғау нұсқамаларын шығарды. Дағдарыс орталықтарына 319 адам жіберілді, оның ішінде 94 әйел мен 225 бала.

Жыл сайынғы «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық науқаны 25 қарашада әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күнінде басталып, 10 желтоқсанда халықаралық адам құқықтары күнінде аяқталады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру