Астаналық полицейлер тұрғын үйдің лифтісінде бұзақылық жасаған тұрғынды анықтады
Астаналық полицейлер тұрғын үйдің лифтісінде бұзақылық жасаған тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астаналық полицейлер қоғамдық тәртіпті бұзу және бұзақылық әрекеттерді анықтау бойынша белсенді жұмысты жалғастырып жатыр. Мемлекет басшысы елордадағы тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі.
Ел Президенті елорда тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Астана көшелеріндегі бұзақылық пен қылмыстың алдын алу үшін пәрменді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Оның тапсырмасы бойынша өткен жылдың басынан бастап бұзақылық әрекеттер мен мемлекеттік және жеке меншікке зиян келтіргендер үшін жауапкершілік күшейтілді.
«Нөлдік төзбеушілік» қағидасы бойынша қоғамдық орындарда әдепсіз сөздер айтып, қорлау, ғимараттар мен өзге де құрылыстарға, қоғамдық орындарға залал келтіру және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын басқа да осыған ұқсас әрекеттер үшін – 15 күнге дейін қамауға алу әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Полицейлер қоғамдық тәртіпті сақтауға және қылмыстың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстарды жүргізіп, тәртіп бұзушыларды анықтау үшін күн сайын қаланы аралап, тиісті жұмыстарды жүргізеді.
Осылайша, елордалық полицейлер Жирентаев көшесіндегі тұрғын үй кешенінің лифтісіне кіріп, оны қасақана бүлдіруге кіріскен әйелді анықтаған. Оның бұл әрекеті камераға түсіп қалған. Кадрларда ол кабинаны жұдырығымен ұрып, ластап және лифті қабырғаларын тырнап жатқаны көрінеді.
Алматы ауданы ПБ полицейлері бұзақылық жасаған әйелді анықтады. Ол 33 жастағы елорда тұрғыны болып шыққан.
Азаматша уақытша ұстау бөлмесіне орналастырылды. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы 1-бөлігі (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) (айыппұл 5 АЕК) және 434-бабы 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) (айыппұл 20 АЕК немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына шешім қабылдау үшін жолданды.