Астаналықтарға мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй уәде еткен әйел тұтқындалды
Астаналықтарға мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алуға көмектесуге уәде беріп, қомақты қаражат иеленген әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада 37 жастағы әйел азаматтарға мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алуға көмек көрсетуді ұсынған. Мемлекеттік органда таныстары барын айтып, ол азаматтарға мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алуға жәрдемдесуге уәде берген.
Қаскүнемге сенген жәбірленушілердің арыздары полицияға келіп түсіп жатыр. Бүгінгі таңда алаяққа алданған 9 азамат полицияға жүгінген.
Сарыарқа ауданының полиция бөліміне қала тұрғыны жүгініп, 2023 жылдың маусым айында алаяққа 5 млн теңге бергенін хабарлады. Басқа бір жағдайда, әйел өткен жылдың наурызында осындай жолмен 3 млн теңгесінен айырылған. Пәтерді күтіп, ала алмаған жәбірленушілер полицияға жүгінген.
Қазіргі уақытта қаскүнем тұтқындалып, түзету мекемесіне қамалды. ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды, яғни ірі мөлшерде жасалған алаяқтық. Сондай-ақ оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр.
Аталған баптың санкциясы үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады.