Атырау облысында бір жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауыл бар
Атырау облысында бір жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауыл бар, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылында соңғы бір жылдан бері ешқандай қылмыстық оқиға тіркелмеген. Ауыл тұрғындары мұндай нәтиже учаскелік полицейдің қызметі деп біледі. Олардың айтуынша, учаскелік полицей Ғаламат Алданбаев тағайындалғалы ауылдық огругте бұзақылық орын алмаған.
– Ауылымыз шағын әрі тыныш, халық саны 900-ға жуық. Мұнда әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасылар жоқ, тіпті отбасылық кикілжіңдер де болған емес. Осы жылы ауылымызға тағайындалған учаскелік полицей халықпен тіл табыса біледі. Ауылды күнделікті аралайды, халық жағдайын біліп тұрады. Ол келгелі бері ауылымызда бұзақылық болған емес, – дейді Ауылдық ақсақалдар кеңесі төреағасының басшысы Түзенбай Урбисинов.
Әкімшілік аумақта полиция қызметкері Ғаламат Алданбаев 2020 жылдан қызмет атқарып келеді. Ол 2015 жылы Қызылқоға ауданы Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция көмекшісі ретінде қабылданып, сол жылы қызметіне тағайындалған. Бұған дейін Тасшағыл ауылында қызмет атқарған.
– Тайсойғанда жағдай тұрақты. Қылмыстық оқиғалар тіркелген жоқ. Бұл аймақта бұрын сотталғандар және басқа да полицияның профилактикалық бақылау есебінде адамдар тұрмайды. Ауыл тұрғындарымен кері байланыс орнату мақсатында WhatsApp желісінде ашылған чат арқылы үнемі байланыста отырамын. Алдағы уақытта құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында қызмет ете беремін, – дейді ол.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Полиция – халыққа жақын, ашық болуы керек» деп атап айтты. Сонымен қатар учаскелік инспекторлардың мәртебесін көтеруді тапсырды. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылдық округіндегі учаскелік пунктің жұмысын өзге аудан мен әкімшілік аумақтарға үлге ету қажет. Біздің мақсатымыз – халықтың полицияға сенімін арттыру, өйткені полицияға бағаны халық береді, – дейді Атырау облысы ПД бастығы Қамза Үмбетқалиев.
– Біздің ауыл әуелден ынтымағы ымыраласқан, бірлігі біте қайнасқан, тыныштықты ту еткен қасиетті киелі берекелі ауыл. Ауылдың әрбір адамы үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайды. Соның арқасында біздің ауылда қылмыстық оқиғалар тіркелмеген және болмаған. Болмайды деп сенеміз. Оның үстіне ауылдың полиция инспекторы Ғаламат Алданбаевтың күндіз түні аянбай еткен еңбегінің арқасында ауылдың қазір күні тыныш, түні де тыныш. Біз ауылдастар Ғаламаттың еңбегін жоғары деген баға береміз, – дейді ауыл тұрғындарының бірі, айтыскер ақын Шалқарбай Ізбасаров.