Атырау облысында бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауылдар бар
Атырау облысында соңғы екі жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауылдар бар, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер органдарындағы халықпен етене жақын жұмыс істейтін қызметкерлердің бірі – учаскелік полиция инспекторлары. Атырау облысының аудандарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде «Жұртқа жақын полицей» қағидатын берік ұстанған 130-дан астам учаскелік полиция инспекторлары қызмет етеді. Олар аудан, ауыл тыныштығын күзетіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қылмыстарды ашуда барлық күш-жігері мен қабілетін жұмсап, кей кезде өз денсаулығын да қауіп-қатерге тігіп жатады.
Бүгінде Атырау облысының аумағында бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауылдар бар. Қаймағы бұзылмаған берекелі ауылдардағы көз қуантатын бұл көрсеткіш – ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен құқық бұзушылыққа қарсы иммунитетінің жоғарылығы және сол аумақтағы жергілікті атқарушы билік өкілдерінің тыңғылықты қызмет етуінің жемісі. Өзгеге үлгі-өнеге көрсете білген сондай ауылдардың қатарында Индер ауданына қарасты Аққала және Құрылыс ауылдары, Махамбет ауданына қарасты Еңбекшіл және Есбол ауылдарында және Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылдық округінде соңғы екі жылда, ал Исатай ауданы Нарын ауылдық округі, Құрманғазы ауданының Орлы ауылы, Жылыой ауданының Ақкиізтоғай ауылдарында соңғы жылдары ешбір қылмыстық іс тіркелмеген.
Шалғай ауылдық округтерде халықпен жұмыс жасау тәртіп сақшыларының кәсіби біліктілігін арттыруға мол септігін тигізері анық.
Мәселен, Индер ауданына қарасты Аққала және Құрылыс ауылдарында қызмет ететін полиция қызметкерлері Исатай Орын мен Қуандық Избасаровты ауыл тұрғындары жақсы таниды. Ауыл тұрғындарымен жақсы қарым-қатынаста болу, олардың әр мәселесіне мән беріп қарау – әрбір қылмыстың алдын алуға көп мүмкіндік береді. Ал тәртіп сақшысы Ақтан Нармағанбетов өз кәсіби біліктілігінің арқасында Махамбет ауданына қарасты (Есбол және Еңбекшіл ауылдары) екі бірдей ауылдың тыныштығын қамтамасыз етуде тынымсыз тер төгіп жүр. Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторы Ершат Айтбаев екі мыңға жуық тұрғыны бар Тасшағыл ауылының тәртібін қадағалап, ауыл халқымен тығыз қарым-қатынас орнатып, қандай да бір қылмыстың орын алуын болдырмау үшін еңбек етіп келеді. Соңғы бір жылда ешбір қылмыс тіркелмеген Нарын ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Дәурен Сидахметов ауыл халқының әрбір арыз-шағымына уақытылы жауап беріп, тұрғындармен күнделікті жұмыстарды бірге атқарады.
– Ауылымыз бірнеше мың тұрғыны бар қалалар мен аудан орталықтарынан қалыс емес. Қызу тұрмыс-тіршілігі, көпшілік іс-шаралары да жиі орын алады. Жасөспірімдер арасында да үнемі профилактикалық жұмыстарды жүргізіп, ауыл әкімдігі мен мектеп басшылықтарымен үнемі біріккен жұмыс жоспарларын жүзеге асырып отырамыз. Басты назарда мал ұрлығынан сақтандыру және жайылымдағы малды қараусыз қалдырмау қажеттілігін үнемі ескерту назардан тыс қалмайды. Ауыл тұрғындарының What’sApp чаттарында да түрлі ақпараттар мен жадынамаларды таратып отырамын. Әсіресе, интернет-алаяқтық қылмыстарының түрлерін және олардан сақтануда мұқият болу қажеттілігін ескертемін. Жаһандық даму белең алған заманда ғаламтор арқылы таралатын ақпараттар ауыл мен қаланы бөлмейді. Сондықтан тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін алаңсыз қамтамасыз ету үшін ең бірінші – профилактикалық жұмыстарды жүргізуді ескерусіз қалдырмаймын – дейді Орлы ауылының учаскелік полиция инспекторы Талғат Рахимов.
Талдау нәтижелеріне сәйкес, аталған ауылдарда криминогендік жағдайдың тұрақталуына көп жағдайда тұрғындардың алкогольдік ішімдік түрлерін асыра пайдаланбауы себеп болғандығы көрсетілген. Қоғамдық тәртіптің деңгейі мен елді мекендердегі қолайлы атмосфера адамдардың салауатты өмір салтын ұстануына байланысты. Жастар мен жасөспірімдерге арналған спорттық секциялар мен әр-түрлі үйірмелердің жұмысының жандануы жаңаша сипат беріп отыр дейді мамандар.
– Қоғамдық тыныштықты күзеткен учаскелік полиция инспекторлары тарапынан ауыл тұрғындарына күнделікті профилактикалық жұмыстар жүргізіліп отырады. Халық пен полицияның тығыз қарым-қатынасы – құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізі. Осы ретте учаскелік полиция инспекторлары халықпен тікелей байланыста болатындықтан «Жұртқа жақын полицей» қағидатын іске асыру маңызды рөл атқарады, – дейді Атырау облысы ПД бастығы Нұрхат Оразбаев.