Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісайда 40 қойды ұрлаған екі жігіт қолға түсті

Жетісайда 40 қойды ұрлаған екі жігіт қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай аудандық ПБ-ға жергілікті тұрғындар арызданып, жайылымдағы 40 бас қойын белгісіз біреудің жымқырғанын жеткізді. Жәбірленушіге 3 млн теңге шығын келген.

Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеді.

Орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында ауданның тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары оқиға орнын мұқият тексеріп, көрген-білген куәлардан жауап алды. Сонымен қатар іске белсене кіріскен жетісайлық сақшылар мал сататын орындарды да шолып шықты. Осылайша жүргізілген тиянақты істің нәтижесінде мал ұрлығына қатысы бар екі күдікті ер адам ұсталды. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты.

Белгілі болғандай, күдіктілер түнгі уақытта жайылымда жайылып жүрген малдарды көріп, оңай жолмен пайда табу мақсатында ұрлық қылмысын жасаған. Сондай-ақ сезіктілер ұрланған малдарды ГАЗель автокөлігімен Сарыағаш ауданына апарып сатқан, ал ақшаны өзара бөліскен.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын нақтылайтын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру